7 қазан 2020, Қызылорда, Қазақстан - Қазақстан Республикасының Президенті мен бірнеше министрліктердің басшылары жастардың денсаулығы мен әл-ауқатына инвестициялаудың маңыздылығын мойындады және жастарға қамқорлық жасайтын қызметтерге қолдауды арттыруға міндеттенді. Бұл сондай-ақ 2019 жылдың қараша айында Найробиде өткен маңызды саммит кезінде расталды, Үкімет жаһандық аудиторияға Қазақстанның әр аймағындағы Жастар денсаулық орталықтарын (ЖДО) қаржыландыруды жалғастыру туралы міндеттемесін растады, оның ішінде ақпарат пен кеңес беру, жастарға қолайлы жыныстық және репродуктивті денсаулықты қорғау қызметтерін ұсыну да бар.
Осы бағдарламаны енгізу үшін ЮНФПА Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, жастарға ыңғайлы қызмет көрсету жүйесін құруда. Бұл жұмыс елдегі Жастар денсаулық орталықтарын тұрақты дамыту стратегиясын әзірлеуді; ЖДО мамандарының жұмысын реттейтін бірқатар хаттамаларды; жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының репродуктивті денсаулық туралы хабардарлығын арттыру үшін веб-сайт пен мобильді қосымшаны қоса байланыс материалдары; жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығының кең таралған мәселелерін шешу жолдарын, сондай-ақ психологиялық және заңгерлік кеңестерді реттейтін клиникалық хаттамалар пакеттерін қамтиды. Сонымен қатар Жастар денсаулық орталықтары білім мен озық тәжірибені басқа ұйымдарға беретін «ресурстық» институттарға айналдыру мақсатында Орталықтарға қолдау көрсетіледі.
Жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын сақтау мәселелерін кешенді шешу мақсатында 2015 жылы Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық жастардың денсаулық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.
Облыстық жастардың денсаулық орталығы - бұл жасөспірім кезеңінің ерекшеліктеріне байланысты денсаулықты сақтау проблемаларына, қол жетімді, қайырымдылық, сенім принциптері бойынша кешенді медициналық, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсететін мекеме.
Бүгінгі күні Жастар денсаулығы орталығы жастардың денсаулығын сақтау мен нығайтуда маңызды рөл атқарады. Аталмыш орталық қызметінің нәтижесінде 2015-2020 жылдары жүгінген жасөспірімдер мен жастардың саны 1,7 есеге өсті.
Жыл сайын жасөспірімдер мен жастар өз денсаулығына қамқорлық көрсетіп, гинекологтардан, урологтардан және орталық мамандарының кеңесіне жүгнеді.
Қазақстанда жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Ресми статистикаға сәйкес, Қызылорда облысында 2019 жылы қыздардың туу коэффициенті 15-17 жас аралығындағы әрбір 1000 қызға 3,2 құрады. 2017 жылы бұл коэффициент 15-17 жас аралығындағы 1000 қызға 4,3 құрады.
15-29 жас аралығындағы жастардың жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың жиілігі 2019 жылдың соңында 68 жағдайды құрады, 2018 жылмен салыстырғанда 1,2% төмендеді (82).
Сонымен қатар, жасөспірімдердің едәуір бөлігі ретсіз жыныстық қатынас тәжірибесіне алаңдамайды, өйткені жас ерлердің 40% - ында 3 немесе одан да көп серіктес болған. Ерлі-зайыптылардың шамамен 16% бедеулікке ұшырап отыр.
Қазақстан бүгінде жасөспірімдер арасында суицид деңгейі жоғары ел болып қала береді. 2019 жылы Қызылорда облысында кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 6 жағдайы тіркелді, оның 3-уі ауыл тұрғындар қатарынан. 2019 жылы 7 суицидтік әрекет тіркеліп отыр (2018 жылы 1).
Социологиялық зерттеулердің көрсеткіштеріне сәйкес, Қазақстандағы 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бір бөлігі жыныстық белсенді, бірақ олардың 91%-ы АИТВ және ЖИТС туралы жеткілікті біліммен қамтамасыз етілмеген. 15–19 жастар аралығындағы жыныстық белсенді жастардың 14,8%-ы соңғы 12 айда жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) белгілерінің кем дегенде біреуінің болғанын хабарлады. Алайда олардың көпшілігі (62,6%) медициналық мекемелерден медициналық көмекке жүгінбеген. Сонымен қатар, 2011–2018 жылдар аралығында Қазақстанда АИТВ-на шалдыққандар санының 106%-ға өсуі тіркелді. АИТВ-ның 62%-ы жыныстық жолмен берілетіні белгілі.
Қазіргі жастардың жеткіншек кезеңінен қаншалықты жақсы өткені тек олардың өмірін ғана емес, бүкіл әлемнің болашағын айқындайды. Жеткіншектер мен жастардың денсаулығына, біліміне, құқықтары мен мүмкіндіктеріне инвестиция салу – бұл тұрақты болашаққа инвестиция. Алайда, жеткіншек кезең – бұл жастардың жаңа және бұрын таныс болмаған өмірлік жағдайлармен бетпе-бет келетін, балалық шақтан ересек өмірге өту кезеңі. Олар денсаулықтарына және әл-ауқаттарына қауіп төндіретін жаңа өмірлік дағдылар мен тәжірибелерді тез үйренулері керек.
«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жастардың репродуктивті денсаулығы олар үшін арнайы жағдайлар жасалған кезде жақсы қамтамасыз етіледі. Жастар денсаулығы орталықтары – бұл қол жетімділік, ақ пейілділік және еріктілік қағидаттарына негізделген жасөспірімдер мен жастарға арналған кеңестер мен қызметтердің халықаралық деңгейде танылған интеграцияланған жүйесі. Біз жасөспірімдерге өте қажет кеңестер мен көмек ала алатын орталықтарды қолдау арқылы біз жастардың дені сау және бақытты ересек болып өсуіне ықпал береміз», – деді Раймбек Сисемалиев, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Халық қорының атқарушы өкілі.
Болашақта Жастар денсаулығы орталықтарының тұрақты және дәйекті жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ЖДО қызметтерін стандарттау бойынша қосымша жұмыс қажет болады. Жұмысқа барлық ЖДО-тар бойынша консультациялық-сауықтыру қызметтерінің бірыңғай стандарттарын құру және оңтайландыру кіреді. Бұл стандарттар пациенттермен қарым-қатынасты басқарудан бастап, жастардың денсаулығы мен әл-ауқатының кең таралған қажеттіліктерін шешуге және Жастар денсаулық орталықтарының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге дейінгі көптеген аспектілерді реттейтін болады.