Вы здесь

НҰР-СҰЛТАН – Пандемиядан туындаған әлеуметтік-экономикалық күйзелістер, сондай-ақ қозғалыс шектеулері бәріне әсер етуде, оның ішінде әсіресе осал топтарға – әйелдер мен қыздарға, мүгедектерге, қарттарға, денсаулығы нашар адамдарға жағымсыз ықпалын тигізіп жатыр. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш өзінің жақында жарияланған жолдауында атап өткендей: «Зорлық-зомбылық тек соғыс алаңымен шектелмейді. COVID-19 шектеулері кезінде көптеген әйелдер мен қыздарға олар үшін ең қауіпсіз болуы тиіс жерде – өз шаңырақтарында қауіп төніп тұр. Сондықтан мен барша үкіметтерді індетпен күресте әйелдер қауіпсіздігін алдыңғы қатарға қоюға шақырамын».

Жаңа коронавирустың жаһандық таралуына дейін де статистика мәліметтері бүкіл әлемдегі әйелдердің үштен бір бөлігі өз өмірлерінде қандай-да бір зорлық-зомбылықты басынан кешіргенін көрсетуде. Соңғы уақытта карантиндік режим күшейген тұста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ғаламдық толқуы байқалды. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған жедел телефон желілерінің бірінде 2020 ж. сәуір айының бірінші жартысында ақпан айымен салыстырғанда шағымдар саны 50% артқаны туралы хабарлама жасалды. Ал 50% бойжеткендер отбасыда тәрбиенің зорлық әдістеріне ұшырайды, оның ішінде  21% дене жазасына ұшыраса, 45% психологиялық агрессия мен зорлық-зомбылықты басынан кешіреді. Оған қоса қауіп-қатерге душар болған әйелдерге қолдау көрсету қызметтері шектеліп, жабылуда. Оның ішінде вирусты жұқтыру қорқынышынан және қозғалыс шектеулерінен арнайы әлеуметтік баспаналар көбінесе жаңа келушілерлі қабылдай алмайды.

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін үлкен қауіп төнуде. 2019 жылғы Халықтың жағдайын талдау деректері бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың жартысына жуығы жынысына және жасына қарамастан өз отбасыларында түрлі зорлық-зомбылыққа тап болған. Жақында жүргізілген жедел COVID-19 сараптамасы көрсеткендей, сауалнамаға қатысқандардың 38%  карантин кезінде отбасы мүшелерімен қарым-қатынастарының нашарлағанын хабарлады.

«Пандемия гендерлік теңсіздіктер мен мүгедектігі бар адамдар басынан кешіретін теңсіздіктерді одан бетер айқындауда. Дәл осындай жедел сараптама көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан адамдардың төрттен үшінің полицияға, психо-әлеуметтік қызметтерге, медициналық немесе басқа мекемелерге жүгінуге мүмкіндігі жоқ. Есту қабілеті бұзылған адамдар ымдау тілі аудармасына мұқтаж, бұл олардың көмекке қолжетімділігін шектейді. Осы адамдарға көмектесу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ЮНФПА қолдауымен коронавирустан қалай қорғауға болатындығы, үйден шығу немесе оралған кезде не істеу керек және зорлыққа тап болғанда өзекті ақпарат бойынша бейнероликтер дайындады», - деді Қазақстандағы ЮНФПА Өкілі Джулия Валезе.

27 сәуірде БҰҰ жариялаған «Әйелдерді ілгерілету» бастамасы бойынша әлемдегі денсаулық сақтау, экономикалық және гуманитарлық салаларда нақты өзгерістер үшін әйел көшбасшыларын алдыңғы қатарға қояды. Аталған індетпен күресте инфекцияның келесі толқынын, жұмыссыздықты және тіпті әлеуметтік толқуларды болдырмау сияқты ең жағымсыз сценарийлерді алдын-алу үшін шешімдерді қабылдауда әйелдер қатысуы керек.

Қазақстанда әйелдер ұйымдары мен белсенділері үкіметті және даму бойынша серіктестерді азаматтық қоғаммен ықпалдастық жолында COVID-19 пандемияға қарсы әрекет ету және қалпына келтіру жұмыстарының өзегіне әйелдер қажеттіліктерін қоюға шақырады. 2020 ж. сәуірде БҰҰ Әйелдер Орталық Азиядағы азаматтық қоғам ұйымдарымен COVID-19 бойынша ұсыныстар мен шешімдер енгізу үшін консультациялар өткізді. Нәтижесінде Қазақстандағы БҰҰ Әйелдер мен ЮНФПА дайындаған төтенше жағдайдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын-алу және оған қатысты іс-қимылға қатысты заңнамалық және нормативтік стандарттарға өзгертулер енгізу бойынша бірқатар тәжірибелік ұсыныстар енгізілді.

Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура айтуынша: «Әрбір мемлекет қызметтерді онлайн желілер арқылы ілгерілету, тұрмыстық зорлық-зомбылық шеккендерге баспаналар санын кеңейту, оларды қажеттілік ретінде белгілеу және алдыңғы қатарлы ұйымдарға қолдауды күшейту арқылы әрекет ете алады. Таяуда БҰҰ Еуропалық Одақпен бірлесе отырып, Орталық Азия мен Ауғанстан үшін жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған «Жарық сәулесі» атты бағдарламаны бастайды. Біздің ұжым аталған бастаманың COVID-19 туғызған шұғыл қатерлерді шешуге бейім екенін қамтамасыз етуде».

Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты алдын-алу Қазақстандағы БҰҰ COVID-19 жауап жоспарларының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. БҰҰ агенттіктері нұсқаулық шығарып, саясаткерлермен үздік халықаралық тәжірибе туралы ақпарат алмасу арқылы зорлық-зомбылық құрбандарының қажеттіліктерін насихаттау бойынша бірлесіп жұмыс істейді. Ал жедел гендерлік сараптамада індет кезінде тұрғындардың тәжірибесі, әйелдер мен қыздарға қолдау көрсету бойынша іс-әрекеттерді дамытуға көмектесетін ақпарат бар. Сонымен қатар ЮНФПА #ProtectYourFamily (Отбасыңды қорға) науқаны шеңберінде әкелерге арналған бейнероликті насихаттады. ЮНИСЕФ қызметі балаларға қатысты зорлық-зомбылықты және немқұрайдылықты алдын алуға бағытталған, оның ішінде ата-аналарға арналған кеңестерді кеңінен тарату, онлайн-семинарлар өткізу және карантин уақытында ата-аналардың оң тәжірибесін насихаттауға танымал адамдарды тарту шаралары жүргізілді.

Қазақстандағы БҰҰ жүйесі бұл пандемия бүкіләлемдік денсаулық сақтау жүйесін ғана емес, сонымен қатар теңдік пен адамдық қадір-қасиетіне деген адалдығымызды сынауда екенін ескертеді. Неғұрлым осал адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, біз бұл пандемиядан тезірек өтіп, тең құқылы әрі тұрақты қоғам мен қауымдастықтар құра аламыз.

Қосымша ақпарат бойынша: Қазақстандағы БҰҰ баспасөз хатшысы Эльнара Байназарова: +7 701 9400086, elnara.bainazarova@one.un.org, Қазақстандағы ЮНФПА баспасөз хатшысы Дина Тельтаева: +7 701 765 40 10, e-mail: teltayeva@unfpa.org